Біз туралы «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешені
«АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешені

 

Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені – ХХ ғасырдың 30-50-ші жылдардағы  жаппай террор құрбандарына арналған бірегей ескерткіш.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2007 жылы 31 мамырда Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылының бұрынғы «Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагерінің орнында Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені ашылды.

Мемориалды-мұражай кешенінің авторы – Қазақстанның Еңбек сіңірген сәулетшісі Сәкен Нарынов.

Мұражай кешені «Сталиндік вагон» мен «Қасірет қақпасы» монументінен,  тікенек сымды лагерь қоршауы мен күзет мұнарасынан, екі мүсіндік композициядан, «Көз жасы» стеласынан, тұтқын әйелдер тұрған барактан, Алаш бағынан, Зерде қабырғасынан, Ескерткіш белгілерден және мұражай ғимаратынан тұрады.

Мұражай ғимараты кесілген конус пішіндес. Мұражай ұзындығы 12 метр, ені 2,5 метр тоннельден басталады. Тоннель идеясының авторы – Сембіғали Смағұлов. Тоннель мен оның қабырғасында салынған суреттер халықтың қуғын-сүргін жылдарындағы қиын-қыстау тағдырын көрсетеді.

«Қасірет қақпасы» монументінің биіктігі 18 метр, ені 9 метр. Ол  күмбезден және оны көмкерген бетпердеден тұрады. Монумент қайтыс болған күйеуі мен жоғалтып алған балаларын қайғырған әйелді бейнелейді. Қақпа ер адамның бас киімі – дулыға және  ақ кимешек секілді жасалған. Сол арқылы  ер адамның күші мен әйелдердің пәктігі мен адалдығы бейнеленген. Авторы – Қазақстанның Еңбек сіңірген сәулетшісі С. Нарынов.

«Алаш»  бағының ауданы 1,5 гектар жерді құрайды. Бұл жерде кезінде «АЛЖИР» тұтқындары еккен алма бағы болған.

Барак – тұтқын әйелдер тұрған үй, олар «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» НКВД-нің 1937 жылғы 15 тамызындағы жеделдетілген бұйрығына сай «антикеңестік әрекеттерге баратын әлеуметтік қауіпті» деп қаралды. Әр барак шамамен 200-300 адамға есептелген. Деректерге сәйкес «АЛЖИР»-де барлығы 26 барак болған.

«Сталиндік вагон». Қызыл түсті вагондарда саяси жер аударылған «халық жауларын» тасыған. Қамаудағы күйеулерімен кездесу туралы жалған уәдеге алданып, әдемі киініп шыққан әйелдерді осы вагонмен лагерьге алып келген. Вагонның ішінде «буржуйка» жылыту пеші, әжетхана ретінде қызмет көрсететін қуыс, екі қабатты сәкілер болған.

Байланыс
Тел:
+77775334855
Мекен-жай:
Ақмола облысы, Ақмол, Линейная кошесі, строение 2 Б
Кері байланыс
Байланыс деректеріңізді қалдырыңыз, біз Сізге міндетті түрде қоңырау шаламыз

Дербес деректерді өңдеуге келісім